Мәжілісте ақпаратқа қолжетімділік мәселесі бойынша озық тәжірибелер талқыланған дөңгелек үстел өтті

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Ақпаратқа қолжетімділік мәселесін заңнамалық реттеу саласындағы елдердің озық тәжірибесі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Мәжіліс депутаттары, ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары және демократиялық институттар жөніндегі бюросының өкілдері және шетелдік сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысуда.

Естеріңізге сала кетейік, «Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасын Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Жақып Асанов Парламентаризм институтымен бірлесіп дайындаған болатын. Үстіміздегі жылы 23 қыркүйекте «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық Кеңестің ұйымдастыруымен өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

«Жария ақпаратқа қолжетімділік мәселесі кез келген демократиялық жолды таңдаған мемлекет үшін аса маңызды. Көптеген дамыған мемлекеттерде ашық ақпаратты алуға жол ашатын арнайы заңдар қабылданған. Қазақстанның Конституциясы бойынша да елдің әрбір азаматы мемлекеттен ақпарат алуға, оны пайдалануға және таратуға құқылы. Дегенмен, біздің қолданыстағы заңнамаларымыз дәл осы мәселені толығымен шешіп отырған жоқ. Соны ескере келе бірқатар халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Жария ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасы әзірленген болатын», - деді жиын барысында депутат Ж. Асанов.

Сонымен қатар, шара барысында аталған заң жобасы бойынша шетелдік сарапшылардың сараптамалық қорытындысы жария етілді.