12:11, 16 Сәуір 2009
Мәжілісте ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселесіне арналған заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасында ақпараттық-коммуникациялық желілерде деректерді беруді реттеудің жаңа тетігі ұсынылады. Сонымен бірге, жоба бойынша «Ақпараттандыру туралы» заңдағы «web-сайт», «интернет ресурс» секілді сөздерге нақты түсініктемелер қамтылып, бұл шараның өзі әлемдегі интернет-технологияның даму деңгейімен сәйкестендіру мақсатында жасалып отыр. Сондай-ақ, заң жобасындағы бірқатар нормалар отандық және шетелдік интернет-ресурстар бойынша таратылатын ақпараттардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталады. Соған сәйкес, ұлттық заңнамаға қайшы келетін ақпарат анықталған жағдайларда, сотқа міндетті түрде талапты енгізумен осы ақпаратты жариялауды тоқтата тұру туралы шешім прокуратура органдарымен қабылданатын болады. Заңнамаға сәйкес келмейтін ақпараттың жариялануын тоқтату туралы прокуратура органдарының шешімі провайдерлерге барлық ақпараттық-коммуникациялық желілерде аталған ақпаратқа қол жеткізілімін соттың шешіміне дейін тоқтатуға мүмкіндік береді.
Заң жобасына сәйкес шетелдік интернет-ресурстарында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін ақпаратты орналастыру туралы өтінім сот іс-жүргізудің негізгі тәртібінде сотпен қаралатын болады. Осындай өндіріс бастапқы кезеңде жауап берушінің болмауын болжайды. Интернет желісінің қазақстандық сегментінде орналасқан сайттарға қатысты істерді қарау іс-жүргізудің талабының тәртібінде жүзеге асырылатын болады.
Жұмыс тобының отырысына құжатты әзірлеуші тарап болып табылатын Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары, тәуелсіз қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Құжатты талқылау барысында бірқатар сарапшылар жобаны ұсынушылар тарапынан өрескел кемшіліктер жіберіліп отырғанын алдыға тартады. Атап айтқанда, жоба авторларының Интернет-ресурстарды «БАҚ туралы» заңмен реттеу әрекеті біршама түсінбеушілік туғызады. «Мәселен, портал, форум, блог, чат секілді ресурстар Интернет ?ресурсына жататынына күмән жоқ. Бірақ, заң жобасы арқылы осындай ресурстардың барлығын бұқаралық ақпарат құралдарымен теңестіру шаралары алаңдатады. Осы тұрғыдан алғанда, барлық Интернет-ресурстарға БАҚ мәртебесін таратудан бас тарту қажет. Сондай-ақ, ең алдымен қандай Интернет-ресурстар БАҚ-қа жататыны, ал қандай ресурстар жатпайтыны нақты өлшемдермен, ұғымдармен анықталуы тиіс», делінген тәуелсіз сарапшылардың ұсынысында.