Мәжілісте Ауған соғысының ардагерлеріне мемлекеттік наградалар тапсырылды

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты, Республикалық «Ардагерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал полковник Қайырбек Сүлейменов

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен марапатталған Ауған соғысының бірқатар ардагерлеріне мемлекеттік марапаттарды тапсырды. 

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін, Қазақстан Тәуелсіздігінің 21 жылдық мерейтойына орай  II дәрежелі «Айбын» орденімен Маңғыстау облыстық «Жауынгерлік бауырластық» жауынгер-интернационалистер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нүркен Қаражанов пен Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының бірінші орынбасары Қайрат   Елубаев, III дәрежелі  «Айбын» орденімен Қызылода облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Сәкен Махамбетов, «Құрмет» орденімен Ақтөбе облыстық Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасыновтар марапатталды.

Наградаларды тапсыру барысында қауымдастық төрағасы Қ. Сүлейменов Елбасының ардагерлерді тек Ауған соғысындағы борышты өтеу барысында көрсеткен ерен ерліктері үшін ғана емес, Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтудағы үлкен әрі көпжылдық еңбектері, мемлекеттіктің қалыптасуына қосқан үлестері үшін марапаттағанын жеткізді.

Салтанатты рәсімге Мәжіліс депутаты, Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл қатысты.