Мәжілісте автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі көтерілді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламет Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сергей Решетников автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Осыған орай «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тек осы жылдың наурыз айының басында бірнеше жол-көлік оқиғасы болды. Оның ішінде кісі өлімімен аяқталғандар бар. 2020 жылдың 12 айында жол апатынан 1 997 адам қаза тапты, оның ішінде 184-і кәмелетке толмаған. Бұл цифрлар елдегі короновирус шығындарымен салыстырғанда бірдей», - деді депутат.

Оның айтуына қарағанда, ДДСҰ мәліметтері бойынша жол-көлік апаты көрсеткіші тұрғысында ең жақсы елдерде 100 мың тұрғынға үш өлімнен, ал ең нашар елдерде 100 мың тұрғынға 40-қа жуық өлімнен келіп отыр. Швецияда жүзеге асырылған, жолдардағы өлім-жітімге «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастырған «Vision Zero» стратегиясы Еуропадағы жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімнің ең төмен көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда шамамен 10,5 адамнан келеді. Жол оқиғаларының негізгі бөлігі елді мекендерде орын алуда.

«Халықаралық сарапшылардың ұсынымы бойынша қозғалыс жылдамдығының орта есеппен 5 пайызға төмендеуі өліммен аяқталған жол-көлік оқиғалары санының 20 пайызға қысқаруына әкелуі мүмкін», - деді Сергей Решетников.

Депутаттық сауалда көліктегі апаттардың алдын алудың тиімді шараларын әзірлеу үшін жол қозғалысы ережелерін бұзудың мән-жайын анықтау маңызды екенін аталып өткен. Яғни, жүргізуші немесе жаяу жүргінші неге осы ережелерді бұзғанын және оларды мұндай бұзушылыққа баруға итермелеген себептерді іздеу қажет.

Жол қозғалысы қауіпсіздігіне теріс әсер ететін факторлар арасында мыналарды атауға болады: жол қозғалысына қатысушылардың дайындық деңгейінің төмендігі, жол полициясы қызметкерлеріне сенімсіздік және жол қозғалысына қатысушылар арасында этикалық мінез-құлық нормаларының болмауы.

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жол-көлік оқиғаларында жаяу жүргіншілердің ұқыпсыздығы мен жол ережелерін бұзу жағдайлары аз емес екенін мойындау керек. Атап айтқанда, жүріс бөлігінде құлаққаппен жүру және жолды рұқсат етілмеген жерлерде кесіп өту кезінде қайғылы жағдайлар орын алуда. Мұндай жағдайда балалар көп зардап шегеді.