Мәжілісте «Босқындар туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті

АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Босқындар туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, аталған заң жобасы Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдында босқындар мәселесіне қатысты бірқатар міндеттемелер алуына орай әзірленген. Бұл бағытта заң жобасымен босқындардың Қазақстанда болуы және олардың құқын қорғауға қажетті жағдайлар қалыптастыру шаралары қамтылатын болады. Сондай-ақ заң жобасында Қазақстан Республикасында босқын мәртебесінің берілуі туралы өтініш беру мен оны тіркеу тәртібі, босқын мәртебесін анықтау мен беру, олардың Қазақстандағы негізгі құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ босқын мәртебесін беруден бас тартудың негіздері қарастырылады. Заң жобасындағы шараларды жүзеге асыру үшін 2010-2011 жылға арналған республикалық бюджеттен 3 млн. 718,4 мың теңге бөлініп отыр. «Мемлекетіміздің қалыптасып жатқан және жүзеге асырылған көші-қон саясатына сәйкес, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың мүшесі ретінде Қазақстан босқындар проблемасын шешуге белсенді түрде араласады. Қазақстанның таңдап алған бұл бағыты БҰҰ Жарғысы мен Адам құқықтарының жалпы декларациясымен бекітілген мақсаттар мен қағидаттарға беріктігінің дәйекті жалғасы болып табылады. Ал «Босқындар туралы» заңды қабылдау республика тұрақтылығының дамуына айтарлықтай әсер етпейді», делінген заң жобасына Үкіметтің жасаған қорытындысында.