деп хабарлайды ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі.
Бұл шараны Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ұйымдастырып отыр. Аталған комитеттің төрағасы Рахмет Мұқашев кіріспе сөзінде Мәжіліске дінге қатысты заң жобалары келіп түскенін, оның біздің қоғамдағы маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. «Заң жобасының мақсаты - діни бірлестіктер қызметінің және азаматтардың діни қызметінің негізгі бағыттарын құқықтық реттеу»,- деді Р.Мұқашев.
ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шариф Қайрат Қайырбекұлы аталған заң жобалары бойынша баяндама жасады.
«Аталмыш заң жобаларын әзірлеу мемлекет Басшысының 2006 жылғы 25 шілдедегі Жарлығымен бекітілген 2006-2011 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында қарастырылған»,- деді Қайрат Лама Шариф. Заң жобасы әр түрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, кемшіліктер мен тартысты жайттарды жою жолымен жетілдіру мақсатын көздейді.
Баяндамашының айтуынша, қарастырылып отырған заң жобасы қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдігін сақтауға бағытталған. Діни сенім бостандығы саласындағы мемлекеттік саясаттың үш негізгі қағидаттарын айрықша бөліп көрсету керек, олар - бейтараптық, толеранттылық және теңдік. Бұл ретте ең басты мәселе мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпау жөніндегі бейтараптығы болып табылады. Толеранттылық қағидаты діни сенімдерге деген құрметті білдіреді. Теңдік қағидаты барлық діни бірлестіктердің және әртүрлі діни сенім өкілдерінің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етеді.
Отырыста ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Лама Шариф Қайрат Қайырбекұлы аталған заң жобалары бойынша депутаттардың қойған сұрақтарына жауап берді. Бірқатар депутаттар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді. Енді заң жобалары жұмыс тобының отырыстарында талқыға түсетін болады.
Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Рамазан Сәрпеков жетекшілік жасайды.