Отырыста аталмыш құжаттың мақсат-міндеттері турасында сөз қозғаған мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевтің сөзіне қарағанда, заң жобасы Мемлекет басшысының құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты Жарлығын орындау мақсатында әзірленді. «Бұл өте маңызды әрі өзекті мәселелерді қамтитын құжат. Сондықтан біз Бас прокуратурамен бірлесе отырып, оны қалың көпшілікпен жан-жақты талқылап, терең зерттелген заң дайындап шығу мақсатында құжаттың таныстырылымын өткізу қажет деп таптық», -деді комитет төрағасы.
Оның сөзінше, еліміздің Қылмыстық кодексі 1997 жылдан бері, яғни заң қабылданғалы осыншама ауқымды көлемде өзгертілген емес. Заң жобасы Қылмыстық кодекстің 200-дей баптарына өзгеріс енгізуді қарастырады. «Жалпы еліміздің заңдарын ізгілендіру қылмыстық заңнамаларды оңтайландыру жұмыстары елімізде алғаш рет қолға алынып отырған жоқ. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері бұл бағытта мемлекет тарапынан алдын ала жоспарланған салмақты да салиқалы саясат жүргізілді. Бүгінгі құжат осы бағыттағы жұмыстардың заңды жалғасы»,- деді депутат.
Отырыста заң жобасы арқылы енгізілетін өзгерістер жөнінде Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель баяндады. Оның сөзінше, құжатта қылмыстық заңнаманы либерализациялап,
қоғам үшін аса қауіпті емес қылмыс жасаған азаматтарды бас бостандығынан айырғаннан көрі оларға айыппұл салып немесе әкімшілік жауапқа тартуды қарастырады. Сондай-ақ онда қылмыстық жауапкершілік шараларын азаматтардың бостандықтарын шектеу, қоғамдық жұмысқа тарту түрінде жеңілдету мәселелері қарастырылған.
Мәжілісте депутаттар заң жобасының жекелеген баптарына қатысты өздерінің ұсыныстарын білдіріп, пікір таластырды.