Мәжілісте энергетика мәселесін қамтыған жоба талқыланды

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат -  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп,

онда депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасын, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылады.

Еске салсақ, аталған заң жобасы энергия өндіруші ұйымдардың, табиғи монополиялар және реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерін орындау үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталады. Сонымен қоса, осы бағыттағы көрсетілетін қызметтер сапасын, энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық қызметінің ашықтығын арттыру қарастырылады.

Осы бағытта инвестициялық бағдарламаларды бекіту регламенттеліп, инвестициялық бағдарламаларды орындамаған жағдайда олардың игерілмеген қаражаттары тұтынушыларға қайтарылатын болады. Бұдан бөлек, электр стансыларының инвестициялық қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Оның ішінде,  осы бағдарламаға қатысты міндеттемелердің барлығы БАҚ-та жарияланып тұратын болады. Сонымен қатар, инвестициялық міндеттемелердің орындалуына бақылау тетігі күшейтіледі. Олардың инвестициялық міндеттемелері тарифтік табыс деңгейіне сәйкестігі қадағаланады. Бұдан бөлек, егер энергетика ұйымдары инвестициялық міндеттемелер орындамаса немесе қаражат бағыттан тыс мақсатқа жұмсалса, мемлекет тарпынан тарифтік бағаны төмендетуге қатысты шаралар қолданылатын болады.

Заң жобасы жұмыс тобында одан әрі де талқыланатын болады.