17:15, 26 Наурыз 2009
Мәжілісте Индустрия және сауда министрінің тұрғын үй құрылысындағы үлескерлер мәселесіне қатысты хабарламасы тыңдалады
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің алдағы жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Владимир Школьниктің «Тұрғын үй құрылысындағы үлескерлермен қалыптасқан жағдай және олардың проблемалы мәселелерін заңнамалық реттеу жөніндегі жұмыстың нәтижелері туралы» хабарламасы тыңдалады.
Осындай ұсыныс бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен осы Палата Бюросының отырысында қолдау тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қаржы және бюджет комитетінің ұсынуымен «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға шығарылатын болды.Сондай-ақ жалпы отырыстың күн тәртібіне «Білім туралы» және «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заңдарға түзету енгізуді қарастыратын заң жобаларымен жұмысты жалғастыру мәселесі енгізілетіні айқындалды.