деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиынды ашып сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов басқосудың әлемге бейбітшіліктің басты бастамашысы болып отырған Қазақстанның рөліне арналатынын атап өтті. «Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстанның бейбітшілік бағытында атқарған маңызды әрі басты шарасы Семей ядролық полигонын жабу және қуаты бойынша әлемде төртінші орында тұрған ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартуы болып отыр. Елбасы Н. Назарбаевтың өжеттілігі мен саяси көрегенділігінің арқасында қабылданған бұл шешім әлемдік саясат тәжірибесінде бұрын болып көрмеген, халқымыз үшін тарихи тұрғыдағы маңызы аса зор батыл қадам. 40 жылдан астам уақыт ішінде-ақ Семей полигонында жүргізілген 408 сынақтан 1,5 млн.-ға жуық адам зардап шегіп, ядролық жарылыстардың радиациялық уытын жұтқан Қазақстан үшін бұл шешімнің аса маңызды мәні бар. Сонымен бірге, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылуы және бейбітшілік жолында атқарған басқа да шаралары халықаралық антиядролық қозғалыстарға тың серпін беріп, оны жаңа даму деңгейіне шығарды», деді Ж. Кәрібжанов.
Дөңгелек үстел барысында «Қазақстан - бейбітшілік елі» атты деректі фильм көрсетілді. Онда Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан ел ретіндегі Елбасының рөлі көрініс тауып, ядролық қауіпсіздік жолындағы Қазақстанның өткерген күрес жолдары суреттелген.
Жиында Мәжіліс депутаты Виктор Рогалев «Ядролық қарусыз әлемге жету жолында» деген тақырыпта, ал депутат Нұртай Сабильянов Семей сынақ аймағының қасіреттері тақырыбында баяндама жасады.