17:53, 16 Сәуір 2009
Мәжілісте «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның айдарбелгісі дайындалды
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мамырдың 21-22-сі күндері Парламентте өтетін «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның айдарбелгісі дайындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты елімізді еуропалық көшбасшы мемлекеттермен стратегиялық серіктестік деңгейіне шығару болып табылады.Конференция жұмысы пленарлық және секциялық отырыс түрінде өтпекші. «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бейбіт және ықпалдасу бастамасы», «Еуропаға жол»: Қазақстан үшін күн тәртібі», «Қазақстанның дінаралық және ұлтаралық келісім үлгісі: ЕҚЫҰ-ға тәжірибе» деген тақырыптарда әңгіме болады. Конференция шеңберінде тәуелсіз Қазақстанның өмірінен фотосурет көрмесін өткізу де жоспарланып отыр.Аталған басқосуға Еуропалық Парламенттен, Еурокомиссиядан, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясынан, Еуропалық Кеңестен, НАТО-дан, ТМД парламентаралық ассамблеясынан, ЕурАзЭҚ-тан делегациялар келеді. Сондай-ақ белгілі депутаттар мен батыс елдері парламенттері саяси фракцияларының көшбасшылары, еуропалық жетекші сараптаушы институттардың өкілдері қатысады деп күтілуде.Қазақстан тарапынан ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, азаматтық қоғам мен сараптамалық қоғамның өкілдері қатысады.