Мәжілісте Кеден одағында тарифтік емес реттеу шараларына қатысты заң жобасы таныстырылды

АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағында тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

Экономикалық даму және сауда вице-министрі Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, ұлттық заңнаманы Кеден одағының келісімдері мен халықаралық нормаларына сәйкестендіру сауда саласындағы мемлекетіміздің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Соған орай, Мәжілісте таныстырылған заң жобасының басты мақсаты қолданыстағы заңнамаларды Қазақстан қол қойған халықаралық келісімдермен сәйкестендіру болып отыр. Бұл ретте Қазақстанның 9 заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді. Атап айтқанда, ҚР Экологиялық кодексіне, Салық кодексіне, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске, «ҚР Ішкі істер органдары туралы» заңына, «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңына өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Лицензия туралы» заңнамаға да өзгерістер енгізу қарастырылған. Мысалы, озон қабатын бұзатын және құрамында олар бар өнімдерді, қауіпті қалдықтарды әкелуге, әкетуге лицензиялау енгізіледі. Сонымен қатар, адам ағзаларын (ағза бөліктерін), адамның тіндерін, қаны мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге лицензия көзделеді. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын, жарылғыш материалдарды, пиротехникалық заттарды әкелу, әкету тәртібі айқындалады.

«Заң жобасын қабылдау Кеден одағы шеңберінде қабылданған міндеттемелерді орындауға ықпал етеді. Тарифтік емес реттеу шараларын қолдану бөлігінде үшінші елдерге қатысты бірыңғай сыртқы сауда саясаты жүргізіледі. Жалпы, құжат қабылданса әлеуметтік-эономикалық салдары оң болады деп күтілуде», - дейді М. Әбілқасымова.