Заң жобасы биылғы 10 қарашада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжат Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын, бизнес пен азаматтарды қолдау жөніндегі бастамаларды, салықтық әкімшілендіруді жақсарту жөніндегі шараларды, оның ішінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды іске асыру мақсатында әзірленді.
Заң жобасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасының және салалық қауымдастықтардың қатысуымен Жұмыс тобының 7 отырысы және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырыстары өткізілді.
Депутаттар заң жобасымен жұмыс аясында:
- камералдық бақылау нәтижелері бойынша салықтық дауларды реттеудің міндетті сотқа дейінгі тәртібін енгізуге байланысты нормаларды Заң жобасынан алып тастауға;
- «тұрғынжай» деген ұғымды салықтарды төлеу бойынша бөліп-бөліп төлеуді ұсыну кезінде қаралатын «жеке тұлғаның, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның жалғыз тұрғынжайы» деп нақтылауға;
- Салық кодексінің 427 және 428-баптарының қолданылу мерзімдерін 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартуға және олардың редакцияларын нақтылауға;
- Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін сақтау мақсатында «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі мен IT-технологиялар саласындағы кірістер бойынша арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылардың КТС бойынша салықтық жеңілдіктерді қолдану ерекшеліктеріне;
- ҚР Салық кодексінің нормаларын жасалуы салық төлеушілерге салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді енгізу бөлігінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес келтіруге қатысты түзетулер енгізді.
Депутаттардың мемлекеттік бюджет түсімдерін қысқартуды көздейтін және Республикалық бюджет комиссиясының шешімін талап ететін түзетулері қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытындысымен қолдау тапқан нормаларды Комитет қабылдады және олар салыстырма кестеде көрсетілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, заң жобасында Қазақстан Республикасының аумағы бойынша халықаралық қатынаста жолаушылар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдік автокөлік құралдарының жүріп өтуі үшін шетелдік тасымалдаушыларға арналған алым мөлшерлемесін 20-дан 30 АЕК-ке дейін арттыру ескерілген.