Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық-ауғандық парламентшілер, Қазақстан мемлекеттік органдарының басшылары, сарапшылары парламентаралық ынтымақтастық, сауда-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарды кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен бірге аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударылды.
«Дөңгелек үстелге» қатысушылардың пікірінше, келер жылдың сәуір айында Ауғанстанда өтетін президент сайлауына, қауіпсіздікке араласатын Халықаралық күштер контингентін Ауғанстаннан шығаруға байланысты аталған мәселе өте өзекті болып тұр.
Елдегі сайлауалды жағдаймен танысқан ауғанстандық парламентшілер өздеріне Қазақстанның көмек көрсетуі арқасында бүгінгі жарқын өзгерістер болып жатқанын мәлімдеді.
Ауғанстан Ислам Республикасы Парламенті Волеси Джиргасының вице-спикері Мохаммад Сальджуки Қазақстан Президентіне Ауғанстанға көрсетіп отырған қолдауы үшін, маңызды әлеуметтік, гуманитарлық көмектері үшін алғысын білдірді.
- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасының арқасында біздің мемлекетімізге жыл сайын экономикалық, білім, құрылыс жолдары мен денсаулық сақтау саласынан көмек көрсетіліп келеді,- деп атап өтті ол.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев барлық саладағы қолдаудың маңызына тоқтала келіп, бүгінгі жағдайдағы аса маңызды міндет - Ауғанстанды сауда-экономикалық, көлік-коммуникациялық, т.б. жүйелерде аймақтық ынтымақтастыққа тарту екенін атап өтті.
Сонымен қатар мәжілісмен Ауғанстанмен арадағы парламентаралық ынтымақтастықты жандандыра түсуге де ерекше назар аударды.
- Парламент бүгінде Ауғанстанда саяси, діни, этникалық әртүрлі топтарды шоғырландырған маңызды институт болып отыр. Бұл институттың ауғандық қоғамда өмір сүріп жатқан әртүрлі көзқарастарды келісімге келтіруге мүмкіндігі бар. Сол үшін оған және осы елдегі парламентаризмнің дамуына көмек бергеніміз дұрыс болады, - деді М.Әшімбаев..