Мәжілісте мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруді ұйымдастыру мәселелері қаралды

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруді ұйымдастыру мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Айта кету керек бұл заң жобасына Мәжіліс депутаттары Майра Айсина, Серікжан Қанаев, Ромин Мәдинов, Анатолий Пепенин және Шавхат Өтемісовтер бастамашылық жасаған.

Жұмыс тобының жетекшісі Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Майра Айсина бүгінгі таңда бұл заң жобасын қабылдаудың маңыздылығы туралы айтып өтті. Заң жобасында тұрғын үйге мұқтаж орталық, жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне, мәдениет, өнер және спорт салаларында жұмыс істейтін азаматтарға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алғанға дейін астананың жергілікті атқарушы органында есепте тұрған жетім балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жайды пайдалануға беру мәселелерін заң жолымен реттеу көзделіп отыр.

Осы заң жобасымен «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Тұрғын үй қатынастары туралы» қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізу көзделген. Заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруді ұйымдастыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.

Алғашқы отырыста Салыстырма кестеге түсірілген Мәжіліс депутаттары ұсынған түзетулер қаралды. Алдан Смайыл, Жексенбай Дүйсебаев, Галина Баймаханова және басқа депутаттар кейбір баптар бойынша өз пікірлерін білдірді.

Отырысты қорытындылаған жұмыс тобының жетекшісі Майра Айсина «Бірқатар түзетулер әлі де пысықтай түсуді қажет етеді. Сондықтан келесі отырысқа дейін баптарға енгізілетін толықтырулардың заңдық нормалары жан-жақты қаралатын болады»,- деді.