Мәжілісте мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасын айқындау тақырыбында семинар өтті

None
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының мүшелерімен бірлесіп «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын модернизациялау» атты тақырыпта арнайы семинар өткізді.

Аталған семинар мақсаты - бүгінге дейінгі жинақталған тәжірибелерге сүйене отырып мемлекеттік қызмет пен жастар саясаты саласында қызмет ететіндердің теориялық білімін көтеру және оны жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастыру. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиялық Жолдауында мемлекеттік жастар саясатына барынша маңыз берген болатын. Осыған орай, басқосудағы басты міндет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының мән-мағанасын түсіндіріп, Жастар саясатының 2020 жылға дамыту Тұжырымдамасының негізгі бағытын айқындау болды.

Шара аясында жоба авторлары - ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік саясат» кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының мүшесі, депутат Зухра Саяпова, «Халық коммунистері» партиясының фракция мүшесі, депутат Галина Баймаханова, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі, депутат Камал Бұрхановтар баяндама жасады. Семинарға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Орталық атқарушы органдардың өкілдері, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, белгілі отандық және шетелдік ғалымдар мен практиктер, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушылары қатысты.