Мәжілісте мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы заң жобасы таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті. Құжат Елбасының мемлекет пен бизнестің ұзақ мерзімді өзара іс-қимылының барлық аспектілерін кешенді реттеу қажеттілігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген.

Сонымен қатар, заң жобасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуге бағытталған мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің құқықтық алаңын құру қажеттігінен туындап отыр.

«Заң жобасының мақсаты мемлекет пен жеке меншік сектор арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты құжат арқылы мемлекеттік активтерді басқаруға жеке меншік сектордан қаражат тарту, бюджетке түсетін ауыртпалықтарды азайту, инвестициялар тарту, квазимемлекеттік секторды мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларына қамту көзделеді», -деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Марат Құсайынов.

Оның айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің екі тәсілі бекітілген. Оның бірі - келісімшарттық, соның ішінде концессиялық болса, екіншісі - институционалдық әріптестік. «Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша концессиялық формаға басымдық беріледі. Бұл ретте әріптестік негізінен құрылыс саласындағы күрделі және капиталқамтымды жобаларды ғана қамтып отыр»,- деді М. Құсайынов. Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы заңнамада мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің нақты формалары реттелмеген. Бұнымен қоса, қолданыстағы заңнаманың басқа да олқылықтары баршылық. Ал заң жобасы осындай олқылықтарды жоюға бағытталады.

«Мәселен, біздегі мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің құрылымы құрылыс саласына не болмаса қайта жаңғырту жұмыстарына байланысты қарастырылған. Екіншіден, жеке сектор тарапынан мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларына бастама жасау тетіктері еш қамтылмаған. Үшіншіден, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын өткізу тым күрделеніп кеткен», - дейді М. Құсайынов.

Тұтастай алғанда заң жобасы жағымсыз әлеуметтік-экономикалық салдарға соқтырмайды, керісінше жұртшылық үшін мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің мейлінше тиімді тетігін қалыптастыруға мүмкіндік ашады.