Отырысқа Парламент Мәжілісінің депутаттары, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің басшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, «Самұрық-Қазына» АҚ, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының, «Атамекен» ҰКП, «Adal», «Ауыл» партияларының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілдері және басқалар қатысуда.
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында тез арада қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларда қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажеттігін айтқанын еске салды.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев өз баяндамасында мұнай-газ химиясы секторын дамыту туралы ведомствоның пайымын ортаға салды.
Министрдің айтуынша, алдағы жоспарлар өңірлік тұтыну нарығын дамытуға серпін беретін ірі мұнай-газ химиясы өндірістерін құруға бағытталмақ. Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев аталмыш өндіріс ошақтарын бірыңғай аумақта орналастыруға баса назар аударылып, мұнай-газ химиясы үшін қажетті шикізат шығаратын өңдеу қуаттарын құруға ірі мұнай-газ кен орындарының шикізаттық әлеуетін пайдалану көзделіп отырғанын атады.