Аталған заң жобасын қабылдау орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға және жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және пайдалануды жақсартуға жәрдемдесетін болады. Бұл ретте заңсыз аң аулауға, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуге, сирек кездесетін және жойылу қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктер түрлерімен заңсыз әрекет жасауға байланысты қылмыстарға неғұрлым тиімді түрде қарсы тұру мақсатында Қылмыстық кодекске түзетулер енгізу ұсынылады.
«Заң жобасын қабылдаудағы мақсат, біріншіден, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңдарды осы заманғы әлеуметтік және экономикалық жағдайлармен сәйкестендіру. Екіншіден, көрсетілген салаларда құқықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру.Үшіншіден, сыбайлас жемқорлық сипатындағы тәртіп бұзушылықтар туғызуы мүмкін құқықтық нормаларды жою. Төртіншіден, қоғамдық қатынастардың ортақ нысанына - биологиялық әртүрлілікті сақтау және пайдалану нысанына ие үш заңның нормалары арасында дәл үйлесімділікке қол жеткізу болып табылады», - деді құжат бойынша баяндаған ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекске және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілетін түзетулер осы саладағы тиімділікті арттыруға бағытталып отыр. Атап айтқанда, қылмыстық әрекеттер объектісі, қылмыс жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті міндетті түрде тәркілеу көзделеді.