Мәжілісте «Өрт қауіпсіздігі туралы» заң жобасы таныстырылды

АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат - Мәжілісте «Өрт қауіпсіздігі туралы» заңға Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

Бұл шараны осы Палатаның Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру тұжырымдамасына сәйкес әзірленген заң жобасы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Валерий Петров баяндама жасады.

Қазақстанда 92 мың жеке кәсіпкерлік субъектілерінде мемлекеттік өрт бақылау жүзеге асырылады және бақылаудағы нысандардың саны жыл сайын артып отыр. Бұл ретте мемлекеттік инспекторлардың саны соңғы бес жылда өзгеріссіз қалуда және мың адамнан аспайды. Сөйтіп, қазіргі уақытта бір инспекторға 90-нан астам объектіден келіп отыр, елді мекендердегі нысандарға дейінгі ара қашықтық шамамен 100-300 шақырымды құрайды.

Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылауды жоспарлау мен жүзеге асырудың соңғы үлгідегі әдістерін енгізу бойынша жоспарлы жұмыстар атқаруда.

Тәуелсіз бағалауды құру тұрғындарды, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкін, олардың қауіпсіздігінің жай-күйін бағалау саласына мемлекеттік бақылау органдарымен қатар тәуелсіз сараптама ұйымдарын қосу арқылы қорғау деңгейін арттыруға, мемлекеттік өрт бақылауға балама құруға, сондай-ақ бақылау қызметінің нысандары мен әдістерін өзгертуге әкеледі.

Өрт қауіпсіздігі саласындағы қатерлерді тәуелсіз бағалау жүйесін құру көзделіп отыр. Сонымен қатар, «Өрт қауіпсіздігі туралы» Заңды 25-1 және 25-2-баптардан тұратын 5-1-тараумен толықтыру ұсынылды.

«Өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалауды жүргізу тәртібі» деген 25-1-бапта бағалау жүргізу үшін негіздер анықталады. Онда тәуелсіз бағалау, сондай-ақ сараптамалық бағалау қорытындысының қолданылу мерзімі қамтылады.

Ұйымдарды аккредиттеуді өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

Өзінің штатында жоғары арнайы өрт-техникалық білімі немесе мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерде кемінде бес жыл жұмыс өтілі мен жоғары техникалық білімі бар, арнайы оқыту курстарынан өткен кемінде үш маманы бар ұйымдар өрт қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатерлерді тәуелсіз бағалау жөніндегі сараптау ұйымдары бола алады деп анықталған.

Заң жобасында тұрақты жұмыс істейтін комиссияның аккредиттеу туралы материалдарды қарауы және олар бойынша шешім қабылдауы көзделген.

Осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына депутат Александр Милютин жетекшілік жасайды.