Мәжілісте отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң жобасы таныстырылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Фархад Қуанғановтың айтуынша, «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы» заң 2000 жылы қабылданған. Аталмыш заң талаптары бойынша еліміздегі отбасылық үлгідегі балалар ауылдары салынып, олардың құқықтық мүмкіндіктері анықталды. Аталмыш орындарда негізінен жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар өмір сүреді және онда оларға оқып, білім алып, жан-жақты азамат болып өсулеріне барлық жағдайлар жасалған. «Қазіргі таңда республикада отбасылық негіздегі 6 ауыл
мен 3 жекеменшіктегі және SOS балалар ауылдары бар. Онда ата-анасының қамқорлығынан айырылған 610 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар елде 27 жасөспірімдер үйлері жұмыс істейді. Онда 1 мың 323 бала бар. Қолданыстағы заң талаптары бойынша балалар үйлерін тек балалар үйлерінің жанында және отбасылық үлгідегі балалар ауылдарынан ғана ашуға болады», деді жауапты хатшы.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жасөспірімдер үйлерінің мәртебесін заң жүзінде белгілеп, олардың әрі қарайғы қызмет тәртібін реттейді. «Сонымен қатар, құжат жасөспірімдер үйлерін тек балалар үйлерінің жанынан ғана емес жетім балаларға арналған мектеп-интернаттардан да ашуға ммкіндік береді. Заңда мұндай орындардың өзін-өзі қамтамасыз ететін мекеме ретінде де ашу мүмкіндіктері қарастырылған. Құжат «Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтары туралы» заңның 30-шы бабына өзгеріс енгізуді қарастырады. Бұл өзгеріс қосымша қаржыны қажет етпейді», деді Ф.Қуанғанов.