17:49, 08 Мамыр 2009
Мәжілісте тауарлардың шығу тегі туралы сертификатты рәсімдеу және беру кезіндегі проблемаларға қатысты дөңгелек үстел өтті
АСТАНА. Мамырдың 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілісте «Тауарлардың шығу тегі туралы сертификатты рәсімдеу және беру кезіндегі проблемалық мәселелер туралы» деген тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шараны Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті ұйымдастырды. Аталған комитеттің төрағасы Владимир Бобров кіріспе сөзінде бүгінгі отырыстың маңыздылығына тоқталды. ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғабит Мұхамбетов баяндама жасады. Ол өз сөзінде отандық тауарлардың сертификаты, оны рәсімдеудің мәселелері жөнінде айтып берді. Қазір «СТ-1», «А» және «СТ-KZ» деген сертификат түрлері бар. Бүгінгі таңда Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Осы заң жобасы сыртқы сауда саласындағы мемлекеттік реттеу аясын тарылту қажеттілігіне байланысты әзірленген. Аталған саланы тарылту қажеттілігі Қазақстанның алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінен, сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы біріздендіру мен үйлестіруден туындап отыр.Осы заң жобасының мақсаты тауардың шығарылуы туралы сертификатты уәкілетті мемлекеттік органнан Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасына беру жөніндегі функцияларды беру болып табылады.Дегенмен, бірқатар баптар бойынша шешілмеген мәселелер бар екені анықталды. Соған орай жан-жақты талқылау үшін дөңгелек үстел өткізіліп отыр. «Техникалық реттеу туралы» заңға және Кеден кодекстеріне өзгерістер енгізудің жолдары қарастырылуда. Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев елдің дамуына маңызды сала жөнінде мәселе қозғалып отырғанын айта келіп, сертификат беру қызметін жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаттары Аманкелді Момышев, Ержан Рахметов, Валерий Доскалов, Егор Каппель өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын алға тартты.
Депутаттардың ұсыныстары жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болды.