Мәжілісте тұрғын үй қатынастары бойынша заңға енгізілетін өзгерістер таныстырылды
Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және мемлекеттік тұрғын үйге иелік ету саласында тұрғын үй заңнамасын жетілдіруге бағытталады. «Біз өткен жылы тұрғын үй қатынастарына орай қолданыстағы заңға біршама өзгерістер енгізген болатынбыз. Дегенмен, бүгінгі талап қосымша түзетулерді қажет етеді. Біз әлі бұнымен де тоқтап қалмаймыз. Ал бүгінгі заң жобасына келетін болсақ, қолданыстағы заңнамада мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қоры мен мемлекеттік кәсіпорындардың қарамағындағы тұрғын үйлер ғана мемлекеттік тұрғын үй қорының құрамында болуы көзделеді. Сонымен бір мезгілде, орталық атқарушы органдар мен басқа мемлекеттік мекемелердің балансында мемлекетке тиесілі тұрғын үйлер баршылық. Алайда, меншіктің осы түрі заңнамада көзделмеген», - деді Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары Николай Тихонюк.
Бұдан бөлек, төраға орынбасарының айтуынша, жергілікті атқарушы органдар беретін тұрғын үйлер қызметтік тұрғын үй немесе қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үй деп бөлінеді. Бұл ретте олардың құықтық мәртебесінде елеулі айырмашылықтар да белгіленіп отыр. Сонымен бірге, заң жобасы бойынша мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй беру тәртібі мен шарттарын нақтылау, осындай үйді жекешелендіру тәртібін анықтау, апатты үйлерден азаматтарды көшіру проблемасын шешу шаралары қарастырылады. «Мәселен, әрбір министрлікте өзінің тұрғын үй қорын құру ұсынылады. Жалпы, бұрынырақта әрбір министрліктерде тұрғын үй қорын иеленетін мемлекеттік кәсіпорын болған. Бұл кәсіпорындардың барлығы акционерлік қоғам болып құрылды да, тұрғын үй қоры әкімдіктерге берілген еді. Енді осы қалпына келтіріледі», деді Н. Тихонюк.