«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді. Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылады. Бірінші – тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі», - деді құжатты таныстырған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ.
Оның атап өтуінше, екіншіден, жинақталған қаражатқа білім алуға болды.
«Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді. Яғни, дана бабаларымыз «Баланың өскен бесігі – дүниенің кең есігі» демекші, жас ұрпақтың дүние дидарын кеңінен тануына жол ашылады. Халқымызда «Балалы үйрек көлден кетпес, балалы жас елден кетпес» деген дана тұжырым бар. Тиісінше, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады», - деді Мәжіліс депутаты.