Мәжілісте Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы құжат қаралады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісі Ұлттық қордан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт және республикалық бюджет туралы заң жобаларын талқылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобалары Бюджет кодексіне сәйкес әзірленіп, 2023 жылы 31 тамызда Мәжіліске Үкімет қаулыларымен енгізілді. Біріншіден, Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін 2 трлн теңге кепілдендірілген трансферт сомасы айқындалды», - деді Мәжіліс депутаты Мәди Такиев палатаның жалпы отырысында.

Оның айтуынша, екінші заң жобасы аясында 2024 жылы республикалық бюджет түсімдерінің жалпы көлемі 20,4 трлн теңге сомасын құрайды. Соның ішінде кірістер 16,1 трлн теңгеге жетуі мүмкін.

«Шығыстар 24 трлн теңге сомасында жоспарланған. 2024 жылы республикалық бюджеттің тапшылығы 3,5 трлн теңгені құрауы ықтимал, жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде айқындалды. Ал 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3% дейін төмендейді. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті аталған заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат.