Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашевтың айтуынша, жаңа кодекс әзірлеу негізінен бүгінгі күн талабынан туындап отыр. «Қолданыстағы кодекс нарықтық қатынастар жаңа қалыптаса бастаған 1999 жылы қабылданған болатын. Сол тұста Азаматтық іс-жүргізу кодексінің мақсаты нарықтық қатынастар қалыптастыруға, шетелдік инвесторлар тартуға жағдайларды оңтайландыру еді. Бұл міндет толығымен орындалды деп айтуға болады. Оның үстіне экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ шетелдік инвестициялар ағыны мен ақпараттық технологиялардың дамуы қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістерді талап етеді», - деді Рахмет Мұқашев.
Тоқтала кететін жайт, Мемлекет басшысы Қазақстан судьяларының съезінде сот жүйесін дамытудың басым бағыттарын айқындаған болатын. Соған байланысты азаматтық іс-жүргізу заңнамасына азаматтық істерді қарауға ыңғайлы әрі жедел қарау тәртіптері енгізілуі тиіс. Бұл ретте істерді қараудағы тараптардың бітімгерлігіне, заманауи технологияларды кеңінен қолдануға басымдықтар берілуі шарт. Рахмет Мұқашевтың айтуынша, Азаматтық іс-жүргізу кодексі алға қойылған осындай мақсаттарға жауап бере алады.