Тоқтала кететін жайт, Тәуелсіз Қазақстанның қолданыстағы Қылмыстық кодексі ел Конституциясымен танылған жоғары құндылықтар - адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын сенімді түрде қорғауға ұмтылысын көрсетеді. Алайда, қолданыстағы Қылмыстық кодекс осы уақытқа дейін бірнеше мәрте өзгерістерге ұшыраған болатын. Оның үш жүзге жуық бабына өзгерістер енгізген алпыстан астам заңдар қабылданған болатын. Ал енгізілген өзгерістер Кодексті тәжірибеде қолданған кезде пайда болған мәселелерді шешуге бағытталған. Дегенмен, мамандардың айтуынша, қылмыстық заңнамадағы кездесетін мәселелерді тек өзгерістер енгізіп қана шешу бірқатар қиындықтар тудырған. Сондықтан да уақыт пен тәжірибе арқылы тексерілген қылмыстық-құқықтық институттарды сақтай отырып, Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын дайындаудың өзектілігі туындаған. Осыған орай, кодекс жобасы ҚР Президентінің Жолдауында жүктелген тапсырмасын, сонымен қатар еліміздің құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелерін іске асыруға бағытталады.
Кодекс жобасында қылмыстық құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған кәмелетке толмағандарға, әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың басқа да санаттарына қылмыстық ырықтандырумен және ізгілендірумен қатар, қылмыстың барлық жаңа түрлеріне қарсы күрестің негіздері қаланған. Сонымен бірге, криминалдық қызметтің белсенділігі байқалатын салаларда жаза қатаңдатылып, ұлттық келісім тұғырына нұқсан келтірудің және әлеуметтік жанжалдарды арандатудың кез келген әрекеті үшін қатаң жазалау көзделеді.