Мәжілістегі заң жобалары 2020 дейінгі Стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін берік құқықтық негізді қамтамасыз етеді - Р. Мұқашев

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мәжілісте қаралған заң жобалары еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру үшін берік құқықтық негіз қалыптастырып, Қазақстанның құқықтық саласын одан сайын дамытуды қамтамасыз етеді.

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы ҚР Президентінің Жарлығы аясында ҚР заңнамасының дамуы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел жиыны барысында Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев осылай мәлім етті.

«Тұрақтылықты қамтамасыз етудегі басты мәселе - қоғамда келісім мен тұрақтылықтың сақталуы, ел қауіпсіздігін нығайту болып қала береді. Бұл ретте құқықтық реформа мәселесі аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан да, бұның негізгі бағыттарына тоқталып өткен жөн. Біріншіден, құқықтық реформаға тоқталсақ, ондағы басты мақсат - тиімсіз басқару және орын алған мүдделер қақтығысы проблемалары, сондай-ақ күш құрылымдарындағы ашықтықтың жеткіліксіздігі болып отыр. Ал екінші басты бағыт - заңнамаларды ізгілендіру. Бұл шара да адам және оның құқы мен бостандығы жөніндегі басымдықтар туралы конституциялық ережелерге негізделеді», - деді Р. Мұқашев.

Сонымен бірге, құқық қорғау органдарының басым міндеті заңға мойынсұнғыш азаматтарды қорғау болып табылатынын айтқан депутат, қылмыстық жазаны ізгілендіру жұмыстары Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен жолға қойылғанын атап өтті.