Мәжілістің бюро отырысында заң жобаларының дайындығы пысықталды

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Бюро отырысында заң жобаларының дайындығы пысықталды.

Қаржы және бюджет комитеті еліміздің кейбір заңдарына бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда қарауға шығаруды ұсынды.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер енгізуді қарастыратын заң жобасы депутаттар талқысына шығаруға дайын екенін мәлімдеді.

Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бірнеше заң жобасын ұсынды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Корея үкіметтері арасындағы Корея Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласында жер учаскелерін беру туралы келісімді ратификациялау жөніндегі, «Валюталық саясаттың келісілген қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» және Қазақстан мен Жапония үкіметтері арасындағы ОАӨЭЫ (Жамбыл облысы) көлік дәлізін қайта жаңарту жобасын жүзеге асыру үшін қарыз тарту туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы, сондай-ақ «Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасындағы ОАӨЭЫ (Жамбыл облысы) Көлік дәлізін қайта жаңарту жобасы бойынша Қарыз туралы келісімді ратификациялау туралы», Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының күн тәртібіне енгізілетін болды.