Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Қаржы және бюджет комитетінің ұсынуымен «Микроқаржы ұйымдары туралы» және соған сәйкес ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда талқыға шығарылатын болды.
Сондай-ақ Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда Палата талқысына шығаруды ұсынды.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қырғыз Республикасының Үкiметi арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртiбi туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерінің бөлімшелерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің капитал қозғалысына байланысты операцияларды реттеу және бақылау жөніндегі валюталық саясатының негізін құрайтын қағидаттар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын күн тәртібіне шығару жөнінде ұсыныс жасады.
Бюро отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар да қаралды.
Үкіметтен келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төреліктің және аралық соттың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралды. Бұл заң жобасы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне жіберіледі.