11:56, 04 Сәуір 2009
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасын қабылдамау жөнінде ұсыныспен шыққалы отыр
АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Қазақстан мен Словак үкіметтері арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы бойынша қорытынды шығарды.
Және де комитет бұл жолы заң жобасын мақұлдау туралы емес, Палата депутаттарына заң жобасын қабылдамау жөнінде ұсыныспен шыққалы отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кету керек, Үкімет заң жобасын 2008 жылғы қарашаның 18-інде енгізді. Заң жобасын жұмыс тобының отырысында қарау барысында Келісімнің қазақ тіліндегі мәтінінің мағынасын бұрмалайтын бірқатар редакциялық, стилистикалық, лингвистикалық қателер мен Келісімнің қазақ және орыс тіліндегі мәтіндерінің теңтүпнұсқалы болмауы анықталған. Осы айтылғандарды ескере отырып, бас комитет ретінде заң жобасын қабылдамауды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне қайтаруды ұсынады. Бұл мәселе сәуірдің 8-і күні өтетін Палатаның жалпы отырысында шешіледі.