Мәжілістің кезектен тыс сайлауы наурыз айында өтуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілістің кезектен тыс сайлауы наурыз айында өтуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында Палата төрағасының орынбасары Абай Тасболатов мәлім етті.

Еске сала кетейік, бүгін бірқатар Мәжіліс депутаттарының бастамасы бойынша палата депутаттары ҚР Президентінің атына Мәжілістің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, кезектен тыс сайлау тағайындау туралы Үндеу жолдаған болатын.

«Конституцияға сәйкес, Қазақстанда сайлау Мәжіліс тарқағаннан кейінгі екі ай өткеннен соң тағайындалуы мүмкін. Одан бұрын өткізу мүмкін емес. Сондықтан да, сайлау меніңше, наурыз айының соңына таман тағайындалып қалуы ғажап емес», - деді журналистерге берген сұхбатында А.Тасболатов.

Мұндай пікірді басқа депутаттар да құптайды. Мәселен, депутат Тұрсынбек Өмірзақов Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы екі айдан бұрын өтпейтінін алға тартады. Ал депутат Мұхтар Тінікеев өз кезегінде Президент Мәжілістің үндеуіне қолдау білдіріп, жақын аралықта сайлау өткізуді қолдайды деген ойын білдірді.