Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауы: қоғамдық пікір не дейді?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілістің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама қазір қоғамда қызу талқылануда. Әрине, болашағына селқос қарай алмайтын кез келген азаматты ойландыратын бастама бұл. Өйткені, Парламент пен ондағы депутаттар мемлекеттің келешек тағдырына да, елдік дамуға да тікелей ықпал ететіні, тікелей жауапты болатыны белгілі. Ендеше Мәжілісті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізуге қазақстандық қоғамның көңілі қандай? Салмақты сарапшылар, саясаткерлер, бәсекеге түсуге ниетті партиялар мен басқа да қоғамдық ұйымдар бұл бастаманы қалай қабылдап жатыр? Осыған байланысты мемлекетіміз үшін маңызды мәселеге қатысты баспасөзде айтылып жүрген пікірлерді оқырманның назарына ұсынғанды жөн санаған едік.

Алдымен қоғамның көңіл-күйіне келсек, Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қаринның пікірінше, мерзімінен бұрын сайлау өткіізу мәселесі қазір қызу талқыланып жатса, соған қатысты пікір айтушылардың басым бөлігі бұны дер уақытында жасалған қадам санайды екен. Оның айтуынша, Мәжіліс пен мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама жан-жақты таразыланған шешім.

Ерлан Қарин, Стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

Бұл кездейсоқ қабылданған шешім емес. Осы мәселе төңірегіндегі пікір алмасулар сарапшылар арасында, байқаушылар арасында соңғы екі-үш айдың көлемінде белсенді түрде талқыланды. Әлемдегі экономикалық күрделі дағдарыс, оның ел экономикасына ықпалы тұрғысынан келгенде, бұл, шын мәнінде, тіпті де кездейсоқтық емес. Біріншіден, бұл - заңды қалыптасқан жағдай. Екіншіден, дер кезінде көтеріліп отырған маңызды оқиға деп айту керек. Сондықтан бұл бастама қоғамда өте қызу талқыланып жатыр және жан-жақты қолдау табуда. Бұл тек саяси-партиялық үдерістерге ғана емес, сонымен қатар, қоғамдық-саяси талқылауларға да жаңаша серпін береді. Сондай-ақ, жаңа идеялардың, жаңа ойлардың көтерілуіне жол ашады. Сайлау қоғамның ішіндегі қордаланған өзекті мәселелерді сараптауға, талдауға мүмкіндік туғызады. Осының барлығы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің әлемдік дағдарысқа қарсы жаңа саясатты іс жүзіне асыруына мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, жаңа жылдың алғашқы күндерінде тосыннан жарияланған төтенше бастама қоғам өкілдері тарапынан бірден қызу қолдау тауып отыр. Қайраткерлер, саясаткерлер мен қарапайым жұртшылық та Мәжіліс пен мәслихат сайлауын мерзімінен бұрын өткізудің бірқатар басымдығын алға тартады. Мәселен, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістегі әріптестерінің бастамасын толық қолдайтынын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат спикері:

Бұл Мәжіліс депутаттарының еліміздің келешегіне деген жоғары саяси жауапкершілігін көрсетеді. Парламенттің де, Үкіметтің де алдында Елбасы ұсынған мазмұны бірегей стратегия - «Ұлт жоспарын» жүзеге асыру бойынша жұмысты үйлесімді түрде жалғастыру міндеті тұр. Халықаралық ахуал шиеленісіп, әлемдік нарық мың құбылып тұрған бүгінгі жағдайда ішкі саяси тұрақтылықтың мән-маңызы арта түседі. Тіпті, алпауыт елдің басшысы Обама да таяуда халыққа арнаған үндеуінде бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде қатерлі қайшылықтар туындағанда жедел және келісілген шешім қабылдау үшін АҚШ-тың бүкіл саяси жүйесін «жөндеуге» шақырды. Ал, біздің Елбасымыз экономикалық өсімге қол жеткізу үшін қоғамдағы ынтымақ пен келісім тұжырымдамасын баяғыда-ақ жария етіп қойғаны белгілі. Бүгінде әлем бұл стратегияны «қазақстандық жол» ретінде біледі.

Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауын өткізуге Парламенттегі «Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» партиясы мен «Халықтық коммунистер» секілді үш фракцияның депутаттары да бірауыздан қолдау білдірген болатын. Тіпті кейбір фракция сайлауға белсенді қолдау білдіріп қана қоймай, алдағы үлкен додаға қатысу үшін қай кезде де әзір екендіктерін танытқан.

Тоқтала кететін жайт, мұндай ұсынысқа саясат сахнасына енді ғаан шығып жүрген «Бірлік» партиясы да тосын қараған жоқ. Керісінше, партия басшылығы алда өтуі ықтимал сайлауды азаматтық бірігудің маңызды құралы ретінде қарайтынын мәлімдеді.

Төлеген Қуанышев, «Бірлік» партиясы төрағасының орынбасары:

Бүкіл әлем жаһандық экономикалық өзгерістер алдында тұрған, геосаяси жағдай тез арада жауап қайтаруды талап етіп тұрған дәл қазіргі кезде еліміз үшін тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім ауадай қажет. Нақ осы тұрақтылықтың арқасында біз өз болашағымызды жоспарлап, оны құруға, экономиканы дамытуға мүмкіндік алдық. Жаңа кәсіпорындарды, мектептер мен ауруханаларды, жаңа жұмыс орындарын аша алдық. Бүгін, міне, сындарлы сәт туып тұр. Еліміздің алдында жаңа міндеттер тұр. Біздің мақсаттарымыз белгіленген, іс-қимылдарымыздың алгоритмін құруымыз қажет. Дәл қазіргі сәтте ең алдымен, Парламенттен барлық күш пен ресурстарды біріктіру талап етіледі. Сайлаушылар көзделген мақсаттардың барлығының орындалатынына, еліміз бізге сырттан келген ауыр экономикалық дағдарыстан мейлінше аз шығынмен шығатынына сенімді болғылары келеді. Біз алдағы болатын сайлауды азаматтық бірігудің маңызды құралы ретінде қараймыз және барлық саяси партияларды алда болатын сайлауға сындарлы түрде қатысуға шақырамыз.

Тоқтала кететін жайт, мерзімінен бұрын сайлауды өткізудің жанама себептерінің бірі - жаһандық дағдарыс. Өйткені, әлемді дендеген дағдарыс Қазақстанға да әсерін тигізуде. Бұдан отандық бизнес те жапа шегіп жатқаны анық. Алайда, дағдарыс сынақпен келіп, мүмкіндіктерге жол ашып та кететіні сөзсіз. Сондай мүмкіндіктердің бірі мен бірегейі Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында да қамтылған болатын. Сондықтан да, қоғам бүгінгі күні Ұлт Жоспары аясында нақты жұмыстардың атқарылуын қажет етеді. Ал бұндай шараларға серпін беру үшін Мәжіліс сайлауын жыл соңына дейін созбай, керісінше қысқа уақытты қамтып өткізу, заң шығарушы билікке тың күш беру - өзекті. Бұндай бастаманы еліміздегі кәсіпкерлердің де бірауызды қолдауы да соның айғағы болса керек. Мәселен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Қазақстандағы экономикалық ахуал мен оны оңалту шаралары аясында сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің тиімділігі болатынын алға тартады.

Абылай Мырзахметов, Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы:

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 50 қадамынан астамы экономика, соның iшiнде, кәсiпкерлердi қолдауға бағытталған. Сондықтан, кәсiпкерлер Елбасы жариялаған Ұлт Жоспарының нақты орындалуына, оның оң нәтижелерге қол жеткiзуiне мүдделi. Сосын Ұлт жоспарының арқасында Кәсiпкерлер кодексi қабылданды, кәсiпкерлер құқығын қорғайтын Бизнес- омбудсмен институты енгізілді. Оған қоса, индустрияны дамыту, шағын және орта бизнестi қолдау, шетелден инвестициялар тарту, Үкiмет пен кәсiпкерлiктiң бiрлескен жұмыстарын дамыту секiлдi ауқымды шаралар жоспарланды. Осы игіліктің бәрін ескере келіп, Мәжiлiстiң жаңаланып, жаңа мандатпен аталған жұмыстарға кiрiсуiн қоғам болып қолдағанымыз абзал деп санаймыз. Сол себептi, түрлі қоғамдық күштердi, барлық азаматтарды депутаттар бастамасын қолдауға шақырамыз.

Қазақстандағы мерзімінен бұрын Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын өткізу бастамасы елдегі жұртшылықты дүр сілкіндірсе, бұған сырттағы ел дамуын бақылап отырған саясаткерлер де өз пікірдерін білдіре бастаған. Яғни, сайлау бастамасы халықаралық қоғамдастықтың да назарынан тыс қалған емес. Соның ішінде Қазақстанның жүргізіп отырған саясатына үлкен маңыз бөлетін сарапшылар да өз пікірлерін білдіре бастағаны белгілі. Олардың басым бөлігі жаһандық дағдарыс уақытында жедел ден қойып, икемді әрі шұғыл шешімдер қабылдау өзекті. Сол тұрғыдан алғанда, қабылданатын шешімдер халықтық мандаттың да жауапкершілігін арттыра түседі. Ендеше, Мәжілісті мерзімінен бұрын жасақтау осы тұрғыдан да қисынды.

Ал АҚШ-тағы Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры Ариэль Коэн «сайлауды мерзімінен бұрын өткізудің ешқандай қорқыныш емес екенін» алға тартады. Оның сөзіне қарағанда, мұнайдың әлемдік бағасы құлдырап, қаржы дағдарысы дендей бастаған кезеңде жасалып отырған бастама экономикалық қиындықтарды оңай еңсеруге, елдегі тұрақтылықты сақтап қалуға оң әсер беруі әбден мүмкін.

Ариэль Коэн АҚШ Энергетика, табиғи ресурстар және геосаясат орталығының директоры:

Әлемде жүріп жатқан дағдарыс ешкімге оңай тиіп тұрған жоқ. Мұнай мен табиғи байлықтардың бағасы құлдырап, тіпті, Ресей, Австралия, Оңтүстік Африка, Канада мен Бразилия сияқты елдерге кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан Қазақстанның жаңа Парламент құрамын жасақтап, мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасы нағыз қолдауға тұрарлық. Қазақстан онсыз да жаһанның көптеген мемлекеттерімен салыстырғанда өзіндік өрлеу қарқынымен танылып келеді. Меніңше, ол осы бағытынан жаңылмай, алдағы онжылдықтарда әлі талай биіктерге жететініне бек сенімдімін.

Түйіндей айтсақ, қалыптасқан жағдайға қарай және туындаған міндеттерге орай жаңа Парламентті жасақтаудың артықшылығы болмаса, еш кемшілігі жоқ. Ең бастысы, жаңарған Мәжіліске білікті мамандардан тұратын депутаттар келіп, жаңарған құрам арқылы кез келген қатерлерге қарсы тұруға ұмтылу аса маңызды.