Мәжілістің салалық комитетінде шаруа қожалықтарының қызметіне қатысты заң жобасы қаралды

None
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Нұрбах Рүстемовтың жетекшілік етуімен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысы болып өтті.
Онда жер қатынастарына қатысты мәселе қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шаруа (фермер) қожалықтарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл жоба бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев баяндама жасады.Баяндамашының айтуынша, заң жобасы Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың 2008 жылғы 24 сәуірдегі сауалына ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың өткен жылғы 22 тамыздағы жауабына орай министрлікке берген тапсырмасын орындау үшін әзірленген. Заң жобасы шаруа немесе фермер қожалығы қатысушыларының қарым-қатынасына, барлық мүлкіне сатып алу ? сату келісімшарттарын жасасу мүмкіндігінің жоқтығына байланысты «Шаруа (фермер) қожалығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру барысында туындаған күрделі мәселелерді реттеуге бағытталған. Заң жобасында шаруа немесе фермер қожалығының мүлкін сату немесе сыйға тарту жағдайында иеленушіге уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын беруді заң жүзінде бекіту қарастырылған. Сонымен қатар, шаруа және фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша берілген өтеулі жер пайдалану құқығы осындай құқықты кепілдікке сатып алмай-ақ, шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталына салым ретінде, акционерлік қоғамның акцияларын төлеу немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде беру ұсынылады. Сонымен қатар шаруа немесе фермер қожалығы қатысушыларының әл-ауқаты және олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында заң жобасында олардың құқықтары мен міндеттемелерін регламенттейтін бап қарастырылған. Заң жобасын қабылдау кәсіпкерлікті кеңейту және ауылдық жерлерде шаруашылық жүргізу нысандарын ірілендіру үшін мүмкіндік ашады. Бұл Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаттары шаруа (фермер) қожалықтарын дамыту және жүргізу үшін заңнаманы жетілдіру, шаруа (фермер) қожалықтары қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының инвестициялық тартымдылығын арттыру, шаруа (фермер) қожалығы мүшелерінің әл-ауқатын жоғарылату, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Мәжілістің аталған комитеті заң жобасы бойынша қорытындысы мен өз ұсыныстарын Палатаның Аграрлық мәселелер комитетіне жолдайтын болды.