Мәжілістің жалпы отырысы 2 мамырда өтеді

АСТАНА. 28 сәуір. ҚазАқпарат - 2  мамыр, сәрсенбі күні, Мәжілістің жалпы отырысы өтеді.

Жалпы отырыста «2010 жылғы 5 шілдедегі Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Сотының Статутына өзгерістер енгізу туралы Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы Палатаның талқысына шығарылатыны көзделуде. Осы заң жобасы туралы депутаттар алдында ҚР Әділет министрі Берік Имашев баяндама жасайды. Сондай-ақ Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Владислав Косарев қосымша түсінік береді.

Осы күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға салынады. Бұл заң жобасы жөнінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Оңалсын Жұмабеков баяндама жасайды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда Палатаның талқысына шығарылғалы тұр. Жаңадан енгізілген толықтырулар туралы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мейрам Пішембаев баяндап береді.

Жалпы отырыстың күн тәртібі басқа да мәселелермен толықтырылуы ықтимал.