Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті.

Онда Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сараланды.

Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттардың талқысына бір топ заң жобаларын ұсынды. Атап айтқанда, «Патент құқығытуралы шартты ратификациялау туралы», «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің лаңкестікке қарсы құралымдары үшін кадрлар даярлау туралы келісімді ратификациялау туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобалары бар. Және де «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға салынбақшы.

Сонымен қатар Бюро отырысында Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларына қорытынды әзірлеу мәселелері қаралды.

Бюро отырысында 27-29 наурыз аралығында Павлодар облысында индустриялық саясаттың өзекті мәселелері бойынша Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің көшпелі отырысын өткізу туралы қаулы қабылданды. Бұл шешім төртінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің өкілеттігін іске асырудың төртінші сессияға арналған негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асып отыр.