Атап айтқанда, парламенттік мінберден депутаттар алдында Әділет министрі Берік Имашевтің, Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетовтің, Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Жанжүменовтің, ҰҚК Төрағасының орынбасары Ғұсман Әмриннің сөз сөйлеулері жоспарланған. Сонымен қатар, заң жобалары бойынша қосымша баяндамаларды депутат Үсенгелді Медеуов, Қабиболла Жақыпов, Абай Тасболатов пен Жанат Жарасовтар жасайтыны белгіленген. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен бірқатар заң жобалары депутаттардың талқысына шығарылатын болды. Атап айтқанда, «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің әскери мақсаттағы өнімдерді әзірлеу, өндіру, пайдалану, жөндеу, жаңарту, пайдалану мерзімін ұзарту және кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ұжымдық қауіпсіздік жүйесі күштері мен құралдарының қару-жарағы мен әскери техникасының техникалық және ақпараттық үйлесімділігін қамтамасыз ету туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартты ратификациялау туралы», «Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартын және Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына нұсқаулықты ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шифрлық байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілмек.