Палата Бюросының шешіміне сәйкес қалыптастырылған күн тәртібінде бірқатар заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімдері анықталып, салалық комитеттерге бөлінуі көзделіп отыр. Үкіметтен келіп түскен жаңа заң жобаларын қарау мерзімі туралы төрт комитеттің жетекшісі түсінік береді деп күтілуде.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев кейбір заңнамалық актілерге Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-інші бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша баяндап береді.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев түсінік беретін заңнамалық актілердің ішінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерін өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сауда өкілдіктерініңбөлімшелерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы»,«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шифрлық байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бар.
Сондай-ақ жалпы отырыста Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасына қатысты ұсынысы тыңдалып, соған сәйкес Палатаның қаулысы қабылданады деп жоспарлануда.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетовтің еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша түсіндірме жасайтыны көзделуде.
Жалпы отырыстың күн тәртібі басқа да мәселелермен толықтырылуы ықтимал.