11:54, 17 Маусым 2009
Мәжілістің жалпы отырысында Қылмыстық іс жүргізу кодексіне тергеу және анықтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы мақұлданды
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ -Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне алдын ала тергеуді және анықтауды жеңілдетілген тәртіппен жүргізу мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыс барысында аталған құжат бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтың айтуынша, заң жобасы құқық қорғау органдары құрылымдарының негізгі күшін аса ауыр қылмыстарға жұмылдыруды көздейді. «Бізде қылмыскерлердің өздері жасаған қылмыстарын мойындайтын кездері болады. Сонымен қатар, көптеген куәгерлердің көзінше жасалған қылмыстар бар. Мұндай жағдайда осы қылмыстар бойынша хаттама толтырып, рәсімдеу шараларына көп уақыт жұмсағаннан гөрі оны бірден сотқа жолдаған жөн. Ал сот өз кезегінде қылмысқа қатысты істердің бәрін адвокаттармен және прокурорлармен бірлесіп, ашық түрде қарайды. Сөйтіп тиісті шешім қабылдайды. Ал сот өкілдері қылмысқа қатысты істі қарау барысында күмәнді жайттарды анықтаса, істі тергеушіге қайтарады. Бұл шара арқылы біз айыпкерге тергеу шаралары барысында көрсетілуі ықтимал қысымдардың да алдын аламыз», - деді министр.