Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібінің жобасы қалыптастырылды

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен Палата Бюросының кезекті отырысы өтті.

Онда Мәжілістің салалық комитеттерінің ұсынуымен сәрсенбі күні өтетін жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсынылатын мәселелер қаралды.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті екі заң жобасын депутаттар талқысына шығаруды ұсынды. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне уәкілетті мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің тексерілетін субъектілерге қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құзыреттерін қайта қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда талқыға түседі.

Сондай-ақ депутаттардың талқысына халықаралық маңызға ие заң жобасы ұсынылатын болды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Испания Корольдігінің Үкіметі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне енгізіледі.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті «Медиация туралы» заң жобасы және соған сәйкес кейбір заңдарға енгізілетін түзетулер екінші оқылымға дайын екенін мәлім етті.

Сонымен бірге Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды шығару уақыты белгіленетін болады.