Мәжілістің жұмыс аптасы заң жобаларын талқылауға арналады

АСТАНА. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Мәжілістің салалық комитеттеріндегі жұмыс топтары Палата қоржынында жатқан заң жобаларын талқылауды одан әрі жалғастырады.

Мамырдың 18-і мен 22-сі аралығындағы Парламент Мәжілісінің апталық жоспарында қай күні, қандай заң жобаларының талқыға салынатыны жан-жақты көрініс тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мамырдың 18-і, дүйсенбі күні, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті жұмыс топтарының отырыстарында сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күресті одан әрі күшейту мәселелеріне қатысты, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті қатайту жөніндегі заң жобалары қаралады. Сол секілді еліміздегі сот-сараптама қызметі туралы заң жобасы күн тәртібіне шығарылып отыр.Ал Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің жұмыс тобында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы және кейбір заңдарға сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелерін реттеуді көздейтін заң жобалары қаралады.Мамырдың 18-і және мамырдың 22-сі күні Мәжіліс Бюросының отырысы өтетіні белгіленген. Онда заң жобаларының дайындығы жөніндегі мәселелер қаралады.Сейсенбі, бейсенбі және жұма күндері Палатаның барлық салалық комитеттерінде құрылған жұмыс топтарында бірқатар заң жобалары талқыланады.Мамырдың 20-сы күні Мәжілістің жалпы отырысы өтеді деп жоспарланып отыр.Мамырдың 21-і, бейсенбі күні Парламент палаталарының бірлескен отырыс залында шетелдік саясаткерлер мен парламентшілердің қатысуымен «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.