Мәжіліс «Айбын» орденін даңқты батырлардың есімімен атауға қатысты құжатты талқылайды

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Қазақстан  Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.

«Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау аясында Парламенттегі бір топ депутаттың бастамасымен әзірленді. Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру және аса көрнекті әскери тұрғаларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру мақсатында Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін «Айбын» орденінің дәрежелеріне беру жөнінде өзгерістер мен толықтырулар ұсынылады. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті осы заң жобасы бойынша тиісті қорытындыны даярлауға дайын», - деді Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан палатаның жалпы отырысында.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» орденін түрлі дәрежесін даңқты батырлардың атымен атауды ұсынған еді. 

Осыдан кейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин биыл даңқты батырлар атындағы ордендерді сарбаздарға табыстауға қатысты депутаттық сауал жолдады.