Мәжіліс Ұлыбританиямен арадағы стратегиялық келісімді қарайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар мемлекеттік қызметке қатысты жаңа заң жобасын талқылап, Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді талқыға салады.

Фото: Мәжіліс

Айта кетейік, 16 наурызда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның бюро отырысы өтіп, онда жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Соған сәйкес, алдымен депутаттарға бірінші оқылымда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» үкіметтік заң жобасын қарау ұсынылады.

Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай заң жобасында мемлекеттік қызметтің миссиясы, міндеттері мен талаптары жаңаша айқындалғанын атап өткен еді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Мемлекет басшысының «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағидасы мемлекеттік аппараттың жұмысын ашық, адамға бағдарланған сипатта ілгерілетуді талап етеді. Жаңа заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітуді көздейді. Отансүйгіштікті, ашықтық пен кәсібилікті, клиентке бағдарлану мен құқық бұзушылықтарға төзбеушілікті қамтитын талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекіту жоспарлануда», — деген еді Дархан Жазықбай.

Заң жобасында кәсібиліктің, әдептіліктің, адамгершіліктің, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік және қоғамдық мүдделерге адалдығын қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу қарастырылған. Мінсіз беделге қойылатын талаптар тағайындау кезінде қосымша шектеулерді енгізуді көздейді, ал оның болуы мемлекеттік лауазымдарға тағайындау және қызметте ілгерілеу кезінде негізгі өлшемдердің біріне айналады.

Елімізде мемлекеттік қызметтің гибридтік моделін енгізу шаралары аясында бағалау, оқыту және тағылымдама нәтижелерін ескере отырып, бір лауазым аяысында «Б» корпусы қызметшілеріне деңгейлес көлденең өсу тетіктерін қалыптастыру жоспарланған. Аталған норма мемлекеттік қызметшілердің кәсіби өсуін қосымша ынталандырады. Заң жобасында мемлекеттік қызметшілерге мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғау қажеттілігі туындаған жағдайда жауапкершіліктен және бюрократиядан қаймықпай басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін нормалар да қарастырылған. Жалпы, құжат мемлекеттік қызметті сервистік және халыққа бағдарлану қағидаттарына негізделген модельге көшіруді көздейді.

Фото: ortcom.kz

Сонымен қатар Мәжіліс бірінші оқылымда депутаттар бастамашы болған еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қарайды. Атап айтқанда, Еңбек кодексіне қызметкерлердің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған нормаларды енгізу ұсынылады. Оның ішінде еңбек заңнамасының қағидаттары мен кепілдіктерін еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы ережелермен толықтыру көзделген. Түзетулер арқылы жергілікті атқарушы органдардың өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, мемлекеттік еңбек инспекциясымен, жұмыскерлердің және жұмыс берушілердің өкілдерімен өзара іс-әрекет жасау, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссиялардың қызметін қамтамасыз ету өкілеттіктері бекітіледі.

Мұнан бөлек, депутаттар жалпы отырыста Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді қарайды.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылдың 6 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық келісімі жобасын мақұлдау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

— Қоса беріліп отырған бір жағынан Қазақстан Республикасы, екінші жағынан Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын, — делінген Президент қол қойған құжатта.

Келісім жобасы 300 беттен тұрады және саясат пен экономикадан бастап қауіпсіздік пен экологияға дейінгі түрлі салалардағы ынтымақтастықты талқылай отырып, ондаған тараудан тұрады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Араға 3 жыл салып, нақты айтқанда 2024 жылдың сәуірінде Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Астанаға сапармен келді. Сол кезде аталған келісімге қол қойылған болатын. Мәртебелі мейманды Ақорда төрінде қарсы алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оған ілтипат білдіре отырып, оның Қазақстанға сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беру тұрғысынан мәні зор екенін айтты.

— Біздің маңызды стратегиялық серіктесіміз — Ұлыбританиямен арадағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанына көңіліміз толады. Бүгін Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл жан-жақты құжат біздің сан қырлы байланыстарымызды кеңейту үшін берік негіз қалайтынына сенімдімін, — деген еді Президент.

Өткен аптадағы Мәжіліс отырысында ТМД елдерімен, сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан және Тәжікстанмен түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастық аясындағы бірқатар халықаралық құжат ратификацияланды.

Нақты айтқанда, палата алдымен «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды қабылдады

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, ұсынылған келісім жобасына сәйкес, одақтас мемлекеттерге еліміздің мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесінен алынатын деректер ғана беріледі. Бұған қоса келісімді іске асыру барысында нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы қажет етілмейді.

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

— Аталған құжатты ратификациялау қажетті ақпаратпен жедел алмасуға, сондай-ақ адам өміріне, оның денсаулығына және қоршаған ортаға төнген қауіпке шұғыл ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді, — деді министр.

Депутаттар қабылдаған келесі Заң — «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы». 

Фото: Энергетика министрлігі

Құжатты таныстырған Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің атап өтуінше, келісім үш ел арасындағы жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі әлеуетін тиімді пайдалануға және жасыл аммиак пен сутекті қамтитын экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамытуға, сондай-ақ еуропалық нарықтарға экспортты кеңейтуге бағытталған

— Жоба бойынша Қазақстан мен Өзбекстаннан Әзербайжанға Каспий теңізінің түбіне су асты кабелін салу арқылы энергияның жасыл түрлерін беру жоспарлануда. Ол сондай-ақ осы энергияны ұқсас Қара теңіз жобасы арқылы Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты — Каспий теңізінің түбіне тұрақты ток кабелін төсеу. Бұл — Еуропалық одақтың электр нарығына тікелей шығуға мүмкіндік беретін техникалық жағынан күрделі, бірақ стратегиялық тұрғыдан қажет шешім, — деді ол.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Заңды қабылдады

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Одақтастық қатынастар туралы шарт Тәжікстанмен қол жеткізілген өзара іс-қимыл деңгейін құқықтық тұрғыда бекітіп, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту үшін берік саяси-құқықтық негіз қалыптастырады. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында шарт ережелерін іске асыру өңірлік тұрақтылықты да нығайтуға ықпал етеді. Елдеріміз арасындағы одақтастық қатынастардың айқын дәлелі ретінде өткен жылы Тәжікстанның ХХІ ғасырда Орталық Азия дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы 5 жақты шартқа қол қоюын атап өтуге болады. Осылайша Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің басым бөлігімен одақтастық қатынастар орнатып отыр. Бұл Қазақстанның сыртқы саясат тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттеріне сай келеді, — деген еді құжатты таныстырған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев.

Жалпы отырыс соңында депутаттар жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді. Атап айтқанда, депутат Нартай Сәрсенғалиев бұл құжат Мемлекет басшысы бастамашы болған саяси реформалардың нәтижесі екенін, ол қоғамда жан-жақты талқыланғанын атап өтті. Ал Никита Шаталов жаһандық тұрақсыздық кезеңінде мемлекеттің мықты болуы ерекше маңызды екенін айта келіп, жаңа Конституция жобасы Парламенттің рөлін күшейтетініне, азаматтардың шешім қабылдауға қатысу жолдарын кеңейтетініне, елдің ұзақ жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтынына назар аударды.