«Парламент Мәжілісі осы заңды былтыр 27 желтоқсанда қабылдап, 963 позициядан тұратын салыстырмалы кестемен Сенатқа жолданды. Сенаттың кестесі 20 позициядан тұрады және енгізілген түзетулер нақтылау сипатында. Сондықтан бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгерпейді. Атап айтқанда, Сенат «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы, бала құқықтары туралы, әділет органдары жөнінде, білім туралы заңдар мен басқа да заңнамалық актілерге жаңа толықтырулар енгізді», - деді Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы.
Оның айтуынша, заңды қолданысқа енгізу мерзімі өзгерді.
«Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына Сенат енгізген түзетулермен келісуге болады деп есептейді», - деді депутат.
Еске салсақ, өткен аптада Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.
Заңды Парламент Сенатында қарау барысында:
- Заңның жекелеген нормаларын реттеушілік саясаттың қағидаттары мен тәсілдеріне сәйкес келтіруді;
- облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салумен байланысты мақсаттар үшін мемлекеттік орман қоры жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру мүмкіндігін сақтауды;
- сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган айқындайтын шекті сауда үстемеақысын қолдану тәртібін белгілеуді;
- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру кезінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетуді көздейді;
- пайдалы қатты қазбаларды өндіруге салынатын салықты есептеу үшін кен орнын әзірлеудің техникалық жобасында белгіленген нормаланған ысыраптар туралы деректерді қолдануды;
- өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруді;
- Бірыңғай төлемнің құрамдас бөліктерінің үлестерін қайта есептеуді көздейтін түзетулер енгізіледі.