Мәжіліс браконьерлікке қарсы іс-қимылды күшейтетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс «Аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Фото: yandex.kz

— Заң жобаларының негізгі мақсаты — жануарлар дүниесін тұрақты пайдалануын қамтамасыз ету, биоәртүрлілікті сақтау және осы саладағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру. Заң жобасында Жер және Орман кодекстеріне, сондай-ақ «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңдарына өзгерістер енгізу көзделген, — деді заң жобалары бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Дүйсенбай Тұрғанов.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған нормалар саланы басқарудың неғұрлым ашық және заманауи тетіктерін қалыптастыруға, бақылаудың цифрлық құралдарын енгізуге, табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану үшін қосымша жағдайлар жасауға бағытталған.

— Сонымен қатар, аталған түзетулерді іске асыру жануарлар дүниесі объектілерін есепке алу мен мониторинг сапасын арттыруға, браконьерлікке қарсы іс-қимылды күшейтуге, сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғаудың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін нығайтуға мүмкіндік береді, — деді ол.

Бұдан бұрын Мәжіліс депутаттарының киік санын реттеу мәселесін аңшылық қожалықтарға да беру ұсынысына Үкімет қарсылық танытқанын жазғанбыз.