Мәжіліс депутаты Бас прокуратурадан «СҚ-Фармация» басшыларын тергеуді талап етті
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокуратурадан «СҚ-Фармация» компаниясын тексеріп, басшыларын қамауға алуды сұрады. Депутат Facebook-тегі парақшасында Бас прокуратураға арыз жолдағанын мәлімдеді.
Арызда ол «СҚ-Фармация» ЖШС, Ұлттық дәрі-дәрмектер сараптамасы орталығы, Бірыңғай дистрибьютор және еліміздегі фармацевтикалық компаниялардың тергеуді сұраған.
Оның айтуынша, бұл – тексеру жүргізу туралы төрт арыздың алғашқысы. Қалған арыздар денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысы, ауыл шаруашылығындағы субсидиялар және республикалық бюджетті орындау жөніндегі есеп бойынша бірқатар министрліктерге қатысты болмақ.
Депутаттың мәлімдемесі Жоғарғы аудиторлық палатаның (ЖАП) тексеру нәтижелеріне негізделген. Аудиторлар 2022–2023 жылдары:
- «СК-Фармация» кейбір дәрі-дәрмекті нарықтағы бағадан 40–365% қымбатқа сатып алғанын;
- Жоспар дұрыс болмай, 2,8 млрд теңгеге алынған дәріні медициналық мекемелер қабылдаудан бас тартқанын;
- Тағы 280 млн теңгенің дәрісі мүлде жарамсыз болғандықтан тізімнен шығарылғанын;
- Жалпы мемлекетке келтірілген шығынның 17,2 млрд теңгеге жеткенін;
- Сонымен қатар фармкомпанияларға 538 млн теңге артық төленгенін анықтады.
Енді Бақытжан Базарбек сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, қамауға алу және қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр . Оның айтуынша, фармацевтика саласында жүйелі бақылаудың болмауы бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкеп соқты.
– Біз Бас прокуратурадан фармацевтика салаға кешенді прокурорлық тексеру жүргізуді, құқық қорғау органдарынан тергеу шараларын және кінәлі тұлғаларды қамауға алуды сұрап отырмыз, – деді депутат.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата төрағасы Смайылов елдің фармацевтика нарығына 1,2 трлн теңге қаржы жұмсалғанын, бірақ салада нақты жетістік аз екенін айтқан еді.
Бұған дейін Бақытжан Базарбек бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Бас прокуратураға 4 арыз беретінін жазған едік.