Мәжіліс депутаты Forbes тізіміндегі кәсіпкердің компаниясына араша түсті

Фото: parlam.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы қорытындысын талқылаған отырыста Forbes тізіміндегі кәсіпкердің құс етін шығаратын компаниясына араша түсті.

— Сіздер аудит қорытындысында құс шаруашылығындағы 15 млрд теңгенің субсидиясын Aitas Group дейтін бір ғана кәсіпорын алып отырғанын жазыпсыздар. Оның құрылтайшысы Forbes тізіміне кіреді деп жазып қойғансыздар. Басқа ақпарат жоқ. Ол есепті оқыған адамдар қандай қорытынды шығарады? Бұл тиімсіз субсидия екен, деп қаржы министрлігі келесі жылы ақша бермей қалуы мүмкін, — деген Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, ол аталған компанияның жетістіктерін жіпке тізді.

— Мен сізге бір мәлімет келтірейін, Aitas Group деген холдинг — бүкіл Қазақстандағы әр үшінші құс етін шығаратын мекеме. Олар Өскемен құс фабрикасын аяққа тұрғызып, өндіріс қуатын 60 мың тоннаға дейін жеткізді. Одан бөлек Макинск фабрикасын, жап-жаңа қылып салып, қуатын 100 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. 25 млрд теңге өз қаражатын құйып, Алматыда инкубатор салды. Қонаев қаласында жаңадан құс шаруашылығын қолға алайын деп отыр. Жалпы 5 жылдың ішінде ауыл шаруашылығына құйған инвестициясы — 109 млрд теңге. Салық ретінде төлегені — 36 млрд теңге. Бүкіл алған субсидиясын салығымен жауып отыр. Неге осының бәрін аудит кезінде ескерілмеген, — деді депутат.

Айта кету керек, оның айтып отырғаны — түпкі бенефициары Серік Толықпаев дейтін азамат, «Aitas KZ» акционерлік қоғамы. Бірнеше құс фабрикасына иелік ететін Aitas Group-тың құрылтайшысы осы ұйым. Ал Серік Толықпаевтың өзі Forbes Kazakhstan рейтингінде 42 орында тұр

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов құс шаруашылығындағы бүкіл субсидияны бір ғана кәсіпорын алып отыр деген мәлімет жалған екенін айтты.

— Бұл мәселені сіздермен бұған дейін де желтоқсан айында талқылағанбыз. Ал мына айтып отырғаныңыз не түсінбеушілік, не техникалық қателік шығар. Жауабын кейін жазбаша берейін, — деді ЖАП төрағасы. 

Еске салсақ, былтыр Әлихан Смайылов еліміздің оңтүстігінде «108 жастағы» сиырға субсидия төленгенін растаған болатын