Мәжіліс депутаты Як-40 ұшақтарын Қазақстан аумағында қолдануға тыйым салуды ұсынды

Фото: airwar.ru

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа сауал жолдап, Як-40 ұшақтарын Қазақстан аумағында қолдануға тыйым салуды ұсынды.

- Қазақстан аумағында 1981 жылы өндірісі тоқтатылған Як-40 жолаушы ұшақтары қазірге дейін пайдаланылып жүр. Олардың «жасы» 44-тен 55-ке дейін жетіп отыр. Бұл әлемдегі әуе паркінің орташа шекті жасынан 2 есе ескі деген сөз. Шекті жас 15-20 жылдан аспау керек. Як-40 ұшақтарының ресурсы таусылған. Өйткені өткен ғасырдың 60 жылдары жасалған, АИ-25 қозғалтқыштарымен жабдықталған. Бұл қозғалтқыштар 1980 жылдардың аяғынан бері шығарылмайды. 2022 жылы «Мотор Сич» кәсіпорны қирауға ұшырады. Осылайша АИ-25 қозғалтқыштары мен оларға арналған сертификатталған қосалқы бөлшектер өндірілмейді. Ал халықаралық жеткізілім мүлде жоқ. Як-40 ұшақтары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының заманауи талаптарына сәйкес келмейді. Мұндай ұшақтарды пайдалануға Еуропа одағы аумағында 2002 жылдың 1 сәуірінен бастап тыйым салынған. Алайда елімізде қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін Як-40 санитарлық авиация қызметінде науқастарды тасымалдап жүр. Бұл адам өміріне қауіп төндіреді емес пе, - деді депутат.

Сондай-ақ, ол ел заңнамасында жолаушы тасымалында адам қауіпсіздігі басты қағидат екенін еске салды.

- Қазақстан аумағында бұл ұшақтарды одан әрі пайдалануды тоқтатуды ұсынамыз. Осы жылдың соңына дейін Як-40 әуе кемелерін кезең-кезеңімен пайдаланудан шығарудың кестесін ұсыныңыздар. Ескірген әуе кемелерін халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи әуе кемелерімен алмастыру бағдарламасын әзірлеп, бекіту қажет, - деді Темір Қырықбаев.

Бұған дейін Бангкоктан Қазақстанға жаңа әуе бағыты іске қосылатынын жазған едік.