Мәжіліс депутаттары С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің құрамына кіретін Ақсай балалар орталығына барды. Бұл 70 жылдық тарихы бар ең байырғы көпсалалы балалар емдеу-диагностикалық мекемелерінің бірі. Мұнда жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінен 7 мыңнан астам бала медициналық көмек алады, 1500-ден астам ота жасалады, 30 мың консультациялық жұмыс жүргізіледі.
Соңғы жылдары клиниканың техникалық базасы жаңғыртылып, кейбір медициналық жабдықтар ішінара жаңартылды, мамандар шетелде біліктілігін арттырып, халықаралық деңгейде ірі медициналық орталықтармен ынтымақтастық жолға қойылды.
Алайда шешімін таппай тұрған өзекті мәселе – Кеңес заманынан қалған ескі ғимарат. Қазіргі уақытта ғимарат қызметкерлердің күтімінің арқасында тұр, бірақ күрделі жөндеуді қажет етеді.
– Бұл жерде жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, білікті хирургтар күрделі операциялар жасайды. Біз бұл емхананы жөндеуге қаржы бөлу туралы мәселені көтереміз, – деді Respublica фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау.
Ал, депутаттардың қалалық кардиология орталығына ат басын бұруына ондағы медицина қызметкерлерін жұмыстан шығаруға байланысты ұжымдық өтініш себеп болды.
Орталықтың бас директоры Роза Қуанышбекованың айтуынша, мекеменің қомақты дебиторлық берешегі болған. Алайда қазір жағдай өзгеріп, Орталық табыс табу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар жаңа тәсілдер мен технологиялар, емдеу әдістері енгізілуде, медициналық қызметтердің түрлері кеңейтілуде.
Басшылықтың пікірінше, жаңа талаптармен келіспейтіндер жұмыстан кеткен, көпшілігі басқа жұмысқа ерікті түрде ауысқан.
Депутаттар орталықтың жұмысымен кеңінен танысып, жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу үшін орталық басшылығынан қосымша ақпараттар алды. Қазақстан Халықтық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева атап өткендей, сайлаушылардың бірде-бір өтініші назардан тыс қалмайды және қызметкерлер заңсыз жұмыстан шығарылған жағдайда міндетті түрде тиісті шаралар қабылданатын болады.