Мәжіліс депутаттары Қарағанды шахтерлерімен еңбек адамдарын қолдау жайын талқылады

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Арман Қалықов, Үнзила Шапақ, Құдайберген Бексұлтанов, Бауыржан Смағұлов және Тілектес Адамбеков жұмыс сапарымен Қарағанды ​​облысына барды. Мұнда олар «Киров» шахтасының еңбек ұжымымен кездесті. 

Қазіргі таңда «Киров» шахтасында «Exim Artis» компаниялар тобына қарасты шамамен 650 адам еңбек етеді. Кәсіпорын жарты жылда 220 мың тоннадан аса көмір өндіріп, жылдық жоспардың тең жартысынан көбін орындаған. Шахта тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, өндірістің тұрақтылығын дәлелдеп отыр. 

Кездесу барысында депутаттар кеншілерді Мемлекет басшысының реформаларының жүзеге асырылу барысы мен «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы жөнінде хабардар етті. Ең өзекті мәселелердің бірі – зиянды әрі қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін жұмысшылардың зейнетке ерте шығуы. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ұзақ уақыт зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді. 

– Қауіпті өндірістегі жұмысшылардың зейнет жасын 55-ке дейін төмендету туралы заңның қолданысқа енгізілгеніне бір жарым жыл болды. Егер олар кейін қауіпті жұмыстарды жалғастырмаса, арнайы әлеуметтік төлемдер төленеді. Қызметкер 63 жасқа толғаннан кейін зейнетақы қорынан төленетін төлемдерге базалық және ынтымақты зейнетақы қосылады. Ал республикалық бюджеттен, жұмыс берушілер мен сақтандыру компанияларынан төлемдер тоқтатылады. Айта кетейік, 55 жастан кейін қызметкер өндірісте жұмысын жалғастыра алады, оны себепсіз жұмыстан шығаруға ешкімнің құқығы жоқ, - деді Бауыржан Смағұлов.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Депутат осы уақыт ішінде 15,5 мыңнан астам қазақстандық бұл мүмкіндікті пайдаланғанын, олардың 2,5 мыңнан астамы Қарағанды облысының тұрғыны екенін атап өтті.

Тағы бір маңызды мәселе – еңбекті қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Құдайберген Бексұлтановтың айтуынша, өткен жылы Қарағандыда қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институты қайта құрылған.

– Оның негізгі миссиясы – кәсіптік аурулардың жүйелі алдын алу, емдеу, сондай-ақ еңбек медицинасы саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстары. Бұл бұрыннан бар мәселені шешу үшін қабылданған шара болды. Зиянды кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдарға арналған мамандандырылған қызметтерді жоғалту қаупі туындаған еді. Институт зиянды өндірістерде жұмыс істейтін жарты миллион қазақстандықтың денсаулығын тиімді қорғауға мүмкіндік береді, - деді депутат.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің статистикасы бойынша, Қарағанды облысы өндірістік жарақаттанудан көш бастап тұр. 2024 жылы 159 адам зардап шеккен. Сондықтан Арман Қалықов еңбек қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударды.

– Шахтаға түсу – кеңсе жұмысына ұқсамайды. Бұл – шаң, соққы толқыны, газ. Мұндай жұмысты күн сайынғы ерлік деп едім. Сондықтан қауіпті өндірістерде еңбек ететіндердің мүдделері мен жалпы еңбек адамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым Мемлекет басшысының бақылауында болады. Депутаттар қабылдаған маңызды заңдар жұмыс істеп келе жатқанына бір жыл болды. Олар жұмысшының кінәсіне қарамастан, өндірістегі апаттар кезінде толық сақтандыру төлемдерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар егер қауіпсіздік ережелері бұзылса, еңбек инспекторларының өндірісті дереу тоқтатуға құқы бар, - деді Аарман Қалықов.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Өз кезегінде кеншілер жас мамандардың тапшылығына назар аударды. Кеншілердің едәуір бөлігі – әке жолын жалғастырушылар. Дегенмен жастарды кәсіпке баулу, қолданыстағы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды кеңейту, кеншілерді әлеуметтік қолдаудың жаңа шараларын енгізу маңызды. 

Жиын соңында депутаттар заң шығару бастамалары, партия бағдарламалары және Үкіметпен бірлескен жұмыс арқылы көтерілген мәселелерді шешуде жүйелі жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.